

Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының Қостанай қаласы білім
бөлімінің «Балалар аула клубы» КММ-де жазғы маусым Балаларды қорғау
күніне арналған «Әлем балалықтан басталады» атты қызықты ойын-сауық және
байқау бағдарламасымен басталды.
Мерекелік шараға балалар аула клубтарының тәрбиеленушілері қатысып,
көтеріңкі көңіл күйге бөленіп, достарымен еркін араласып, ұмытылмас әсер
алды. Іс-шараның салтанатты ашылуы мерекелік бимен және жүргізушілердің
құттықтау сөздерімен басталды. Қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеген
«Балалар аула клубы» КММ директоры Данияр Әскербекұлы Дисюков балаларға
көңілді жаз, қызықты демалыс, зор денсаулық және жаңа жетістіктер
тіледі.
Мереке барысында балалар түрлі ойындар мен байқауларға белсене қатысты.
Олар «Қимылды қайтала» және «Қатып қал» музыкалық ойындарында,
«Резеңке», «Аралшық», «Айдаһардың құйрығы» қимылды ойындарында өздерінің
ептілігі мен шапшаңдықтарын көрсетті. Сонымен қатар «Әуенді тап» және
«Көңіл күй түсі» байқауларында тапқырлықтарын, зейінділіктерін және
шығармашылық қабілеттерін танытты. Барлық тапсырмалар балалардың
ұйымшылдық қасиеттерін, ептілігін, зейінін және шығармашылық
қабілеттерін дамытуға бағытталды.
Мерекенің ерекше атмосферасын көңілді әуендер, балалардың шат күлкісі
мен шынайы қуанышы айшықтай түсті. Іс-шара барлық қатысушыларды
біріктірген жарқын «Жаз» флешмобымен қорытындыланды.
Бұл мереке жазғы демалыстың тамаша бастамасына айналып, балаларға
көтеріңкі көңіл күй, жағымды эмоциялар сыйлап, жаз мезгілін балалар аула
клубтарында белсенді әрі қызықты өткізуге ынталандырды.



